Үш басқосуға республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, білім және әлеуметтік салалардың мамандары, жастар мен тұрғындар қатысты. Кездесулердің мақсаты — Жолудағы міндеттерді түсіндіру, оларды өңірлерді дамыту тұрғысынан талқылау және тұрғындардың ұсыныстарын тыңдау болды.
Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары Ләззат Жылқыбаева мен Арман Жансенгіров әлеуметтік саясат пен білім беру саласындағы мәселелерді көтерді. Жылқыбаева ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру бастамасын атап, оның халық табысы мен әлеуметтік жағдайға ықпалын түсіндірді. Ол мұғалімдер мен медицина қызметкерлерін қолдау, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын арттыру мәселелеріне де тоқталды.
Жансенгіров ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы орта қалыптастыру, инклюзивті оқытуды дамыту және педагогтердің жұмыс көлемін оңтайландыру жайын сөз етті. Мұғалімдердің негізгі жұмысына кедергі келтіретін артық есептілік пен қағазбастылықты жою қажеттігін де атап өтті.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Нұртөре Жүсіп пен Нұрсұлтан Орынбасаров Жолдаудағы стратегиялық міндеттердің ел мен өңірлердің болашағындағы рөліне тоқталды. Жүсіп Алматы облысының ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және транзит мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды маңызды деп атап, Алатау қаласының өркендеуі өңір экономикасының ауқымын кеңейте алатынын жеткізді.
Орынбасаров экономикалық және әлеуметтік реформаларды іске асырумен қатар, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы арқылы мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салу мәселесін атады. Оның сөзінде ауыл шаруашылығын қолдау мен инфрақұрылымды дамыту да қамтылды. Кездесулерде Жолдаудағы міндеттерді орындау өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін өсіріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеруге және инфрақұрылымды жетілдіруге мүмкіндік беретіні айтылды.
Дереккөз: Zakon.kz

Пікірлер