Премьераны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері және зиялы қауым өкілдері тамашалады. Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риу екі ел үшін мәдени байланыстардың мәнін атап өтіп, опера өнерін дамытуда Қазақстанмен бірге жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
Қойылым Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры үшін Туриндегі Корольдік Реджо театрымен жасалған шығармашылық әріптестіктегі алғашқы ауқымды халықаралық жоба болды. Премьераға келген тараптар мәдени байланыстарды кеңейту және бірлескен шығармашылық жобаларды қолға алу мәселелерін талқылады.
Стефано Пода спектакльде режиссерлікпен қатар хореографияға, сценографияға, костюмдер мен жарық шешіміне жауап берді. Оның тұжырымдамасында музыка мен сахналық қозғалыс заманауи технологиялармен ұштасқан. Италияның Реджо театры 1740 жылы құрылған және Еуропадағы ең көне опера театрларының бірі саналады.
«Тоска» бұған дейін Италиядағы Реджо театры мен Ресейдің Үлкен театрының сахнасында көрсетілген. Алматы көрерменіне оның жаңаша қойылымы ұсынылды. Министрлік мәліметінше, операда билік, еркіндік, ар-намыс пен адам қадір-қасиеті секілді тақырыптар қозғалады; Италияның опера өнері де заманға сай дамып келеді.
Дереккөз: Kazinform

Пікірлер