Республикалық жарысқа еліміздің 15 облысынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 400-ден астам спортшы жиналды. Қатысушылар спорт шеберлері және спорт шеберлігіне үміткерлер санатында жеке әрі топтық жаттығуларда сынға түсті.
Астана құрамасының Қазақстан кубогындағы көрсеткіші — 9 жүлделі орын: 3 алтын, 2 күміс, 4 қола. Ел чемпионатында елордалық гимнастар 14 рет жүлдегер атанды. Оның 8-і алтын, 5-еуі күміс және 1-еуі қола медаль.
Топтық көпсайыста спорт шеберлігіне үміткерлер арасында «Пантеры» жеңімпаз болды, ал «Самғау» үшінші орын алды. Спорт шеберлерінің бәсекесінде «Фурор» бірінші, «Золото» үшінші нәтиже көрсетті. Жеке көпсайыста Айғаным Рысбек күміс, Дария Кушербаева қола жүлдеге ие болды. Үміткерлер тобында Анель Динишева алтын, Анна Рубцова күміс, Эвелина Белокурова қола медаль алды.
Құралдармен орындалған топтық жаттығуларда «Пантеры» бес доп сайысында топ жарып, бес таспа бағдарламасында күміс алды. «Фурор» бес доп, шығыршық және шоқпар жаттығулары бойынша екі алтын жүлдеге қол жеткізді.
Дереккөз: Kazinform

Пікірлер