Қоғам

Юлия Кучинская урбанизация мәселесін шешудің сегіз жолын ұсынды

Депутат Юлия Кучинская қалалардағы шамадан тыс урбанизацияға қатысты ұсыныстарын Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған сауалында айтты. Оның ішінде жаңа мемлекеттік мекемелерді, жоғары оқу орындары мен ауруханаларды қала шеті мен маңына орналастыру бар.

SERT INFORM тілшісі
Сурет: Inform

Кучинскаяның айтуынша, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан тұрғындарының 64%-дан астамы қалаларда тұрған. Елдегі 90 қаланың даму әлеуеті әркелкі, ал Астана, Алматы және Шымкентте қала халқының 37%-дан астамы шоғырланған. Депутат бұл айырмашылық бірқатар мәселені ушықтыратынын атап өтті.

Жеке тұрғын үй құрылысы ретсіз жүрген аумақтарда жол, кәріз және жарықтандыру жүйелері жетіспейді. Қала маңындағы елді мекендерде нақты тұратындар мен тіркелген тұрғындар санының алшақтығы коммуналдық желілерге, көлік жүйесіне және әлеуметтік нысандарға түсетін салмақты арттырып отыр.

Депутат тұрғын үй салу жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар жүруге тиіс екенін айтты. Үйге жақын жерде жұмыс пен қажетті қызметтер болмаса, тұрғындар күн сайын бірнеше сағатын жолға жұмсайды, бұл өмір сапасын төмендетеді. Мемлекет басшысы Жолдауында қалаларды экономика, технология және адами капитал орталықтары ретінде айқындағанымен, урбанизация біркелкі жүрмей, ретсіздік пен теңгерімсіздік байқалады.

Ұсыныстардың бірі — қалалардың шетінде және маңында жаңа мекемелер, университеттер мен ауруханалар ашу. Бұдан бөлек, тұрғын үйлерді инженерлік желілер, жолдар және әлеуметтік нысандар дайын болатын кезеңдермен байланыстыру, барлық қаланың әлеуетіне аудит жүргізу және даму жоспарларын жаңарту ұсынылды.

Кучинская агломерациялар арасындағы ортақ инфрақұрылым шығынын бөлу тетігін реттеуді және «қала — қала маңы» бағыттарында тұрақты көлік қатынасын, жылдам электр пойыздарын дамытуды да ұсынды. Оның жоспарына әлеуметтік нысандарды балалар секциялары мен отбасылық демалысқа пайдалану, «Халық қатысатын бюджет» жобасын кеңейту, урбанизация рейтингін енгізу және бұл үдерісті ғылыми тұрғыдан сүйемелдеу де кіреді.

Дереккөз: Kazinform

Пікірлер

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *