Жамбыл облысы

Сарысу мен Таласта «Достық керуені» аясында мәдени шаралар өтті

Жамбыл облысының Сарысу және Талас аудандарында «Достық керуені» жобасымен мәдени, танымдық және спорттық кездесулер ұйымдастырылды. Бағдарлама этносаралық келісімді қолдау, ұлттық дәстүрді таныту және жастар тәрбиесіне бағытталған.

SERT INFORM тілшісі
Сурет: Jambylinfo

Жобаға Жамбыл облысы әкімдігінің Ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ жауапты. Сарысуда ұлттық тұрмысқа қатысты бұйымдар мен қолөнер жұмыстары таныстырылып, «Талант» студиясының жетекшісі Мақсат Омаров пен шәкірттерінің туындылары көрсетілді. Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің педагогтері мен оқушылары домбырамен музыкалық шығармалар орындады.

Талас ауданында Қазақстандағы бейбітшілік, достық пен бірлік тақырыбын арқау еткен «Қыран елім — Қазақстан!» жас суретшілер көрмесі ашылды. Ал аудандық мәдениет үйлеріндегі Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің отырыстарында отбасындағы тәрбие, дәстүрдің жалғастығы, үлкенге құрмет және ұрпақтар сабақтастығы сөз болды. Облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмаил Хаджимуратов жастардың кітап оқуы мен білімге талпынысын маңызды деп атап өтті.

Облыстық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары әрі Республикалық дүнген этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова адамгершілік тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау және отбасы дәстүрлері туралы пікір білдірді. Кездесулерде әйелдердің құқығын қорғау мен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері де талқыланды. Құқық қорғау органдарының өкілдері қатысушыларға қорғану тетіктері және зорлық-зомбылық үшін көзделген жауапкершілік жөнінде түсіндіру жүргізді.

Сарысуда Аналар кеңесінің мүшелері «Бастаңғы» дәстүрін көрсетті. Отасқандарына 50 жыл болған Сахарап Қырғызбаев пен Бағдакүл Асанова «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында «Алтын шаңырақ» номинациясымен Алғыс хат алды. Таласта жеті баланы тәрбиелеп отырған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген Оксана Лобанова Аналар кеңесінің сыйлығына ие болды.

Дереккөз: Jambylinfo

Пікірлер

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *