Басты жаңалық

Қазақстанда су ресурстарын қорғауға волонтерлер қатысады

Қазақстанда су көздерін қорғау және суды үнемдеу жұмыстарына волонтерлерді тарту жоспарланып отыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл бағытта Ұлттық волонтерлік желімен меморандум жасасты, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

sert-informSERT INFORM тілшісі
Сурет: Inform

Құжатқа министрліктің вице-министрі Талғат Момышев пен «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк қол қойды. Тараптар су нысандарын сақтауға, экологиялық волонтерлікті дамытуға және тұрғындар арасында суға ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыруға күш біріктіреді.

Келісім шеңберінде өңірлердегі волонтерлік бастамаларға қолдау көрсету, экологиялық акциялар өткізу, білім беру семинарлары мен тренингтер ұйымдастыру көзделген. Тараптар тәжірибе алмасып, суды ұтымды пайдалану туралы қоғамның хабардарлығын арттыруға арналған іс-шараларға ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетпек.

Волонтерлік қозғалысқа Тараздағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері де қосылды. Олар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында өткен «Мөлдір бұлақ» акциясына қатысып, бұлақтарды тазарту мен қалпына келтіру, маңайын абаттандыру, қоқыс жинау және көшет отырғызу жұмыстарын атқарды.

«Болашақтың қайнары» қозғалысының волонтерлері экологиялық шараларға қатысуды жалғастырып, су үнемдеу мәдениетін насихаттауды және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді. Министрлік Ұлттық волонтерлік желімен жасалған келісімді экологиялық волонтерлікті дамыту жұмысының жалғасы ретінде сипаттады.

Дереккөз: Kazinform

Пікірлер

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *