Жоба іске қосылғанда Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы 1 миллионнан астам адам сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Магистральдық су желісінің ұзындығы 54,7 шақырым болады. Құрылысқа қажет өнімнің 90 пайызы отандық өндірушілерден алынбақ.
Су электр станцияларының каскады жаңартылатын энергия көздерін пайдаланады. Оның қуаты 72 МВт болып, өңірдегі энергия тапшылығын төмендетуге ықпал етеді. Жоба Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында қолға алынған.
Министр Нұржан Нұржігітов келісімге қол қойылғанын хабарлап, қосымша қуат ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды экологияға зиян келтірмей орындауға жол ашатынын айтты. Оның сөзінше, бастама тұрғындардың өмір сүру сапасы мен Түркістан облысының дамуына үлес қосады.
Құжатта жобаны жүргізуге қажетті су көлемі, инвестиция кезеңі және нысанды пайдалану уақыты көрсетілген. Су құбыры мен станциялар каскады стратегиялық су нысандары тізіміне енгізілген. Пайдалану кезеңінен кейін нысан мемлекетке өтеусіз тапсырылады.
Дереккөз: Kazinform

Пікірлер