Жиында облыс әкімі Президент атаған басым бағыттарды, соның ішінде Әділетті, Қуатты, Таза және Прогрессивті Қазақстан құру міндеттерін атап өтті. Қарашөкеев қоғамдағы татулық пен өзара келісімді реформалар мен ілгерілеудің алғышарты деп бағалап, «Заң және тәртіп» қағидатын ұстануға шақырды.
Өңір басшысы атом энергетикасын дамыту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Мойынқұмдағы атом электр станциясының құрылысы Жамбыл облысына жаңа экономикалық мүмкіндіктер беруі мүмкін. Мемлекет басшысы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын келесі жылы бастауды ұсынып, «Мойынқұм» АЭС жобасын жеделдету үшін кешенді ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қою қажеттігін айтқан.
Қарашөкеевтің сөзінше, құрылыс жұмыстары мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп, құрылыс материалдарына, көлік пен қызмет көрсету салаларына сұранысты көбейтеді. Ол бұл әлеуетті Мойынқұм, Шу, Қордай аудандары мен Тараз қаласы пайдалануы керегін айтты. Әкім жобаның жергілікті тұрғындарға нақты пайдасын қамтамасыз ету өңірдің міндеті екенін жеткізді.
Атом энергетикасы жобалары бойынша өңір кәсіпорындары мен жұмыс күшінің қатысу мүмкіндіктерін бағалау тапсырылды. Жалпыұлттық жоспар бекітілгеннен кейін Жамбыл облысында Жолдау міндеттерін іске асыруға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары жасалады.
Дереккөз: Baqorda

Пікірлер