Астана аспанында Қарулы күштердің истребительдері ұшады

0 28

23-24 қараша күндері Астанада Қазақстан Қарулы күштері авиациясының жоспарлы ұшулары өтеді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

«2024 жылғы 23-24 қараша күндері Астана қаласынан Қазақстан Қарулы күштері авиациясының жоспарлы ұшулары өтеді. Аталған іс-шара арнайы түтінді пайдалану арқылы Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің оқу-жаттығу ұшулары шеңберінде өткізілмек. Авиацияның ұшуы қауіпсіз биіктікте өтетіндіктен, қала өмірінің әдеттегі қалпын бұзбайды. Іс-шара ұшу қауіпсіздігі шараларына сәйкес ұйымдастырылатындықтан, тұрғындарға ешқандай қауіп төндірмейді. Қолданылатын түрлі-түсті түтіндердің экологиялық зияны жоқ», — делінген хабарламада.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Украинадағы ахуалдың ушығуына байланысты еліміздегі тиісті құрылымдарға шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-министр Олжас Бектенов  қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар, сыртқы істер, денсаулық сақтау, көлік, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, ұлттық экономика, қаржы министрліктерінің басшылығымен Мемлекет басшысының негізгі әскери және азаматтық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырмаларын орындау жөнінде жедел кеңес өткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.