2024 жылы Алматыда 3 спорт-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, 50 cпорт ауласы салынды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев айтты.
Өңір басшысы Алматы жастар қаласы екенін атап өтті.
Осыған байланысты жастарды қолдау мен дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Биыл 11 комьюнити-орталық және 4 нарко-STOP орталығы ашылды, 33 демалыс орталығы жаңартылды, 8 мың студентке шақталған жатақханалар пайдалануға берілді. Алматы жастары үшін 3 300-ден астам пәтер салынды. 3 спорт-сауықтыру кешені ашылып, 50 спорт ауласы салынды. Нәтижесінде NEET санатындағы жастардың үлесі 8,3%-дан 6,4%-ға төмендеді, — деді Ерболат Досаев өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ әкім Алматы орталық стадионының басқарушысы қызметінен неге шеттетілгеніне түсінік берді.
«Шынымда айтайын, (матчты өкізуге) қаражат бөлген жоқпыз. Себебі, біздің Орталық стадионның өзінің бюджеті бар. Бір апта бұрын («Астана – Челси» матчына) дайындықты бастадық. Бұған дейін футболдан Қазақстан құрамасының ойыны дұрыс өтті ғой. (Орталық стадионның басшылығы мачты – автор) қалай өткізу керегін, не істеу қажетін бәрін біледі. Әр адамның жеке жауапкершілігі бар. Соған сәйкес шешімді қабылдадық. Жауапкершілікке сәйкес шешім қабылданды. (Стадионның) директоры бірінші жыл жұмыс істеп жатқан жоқ. Ол 4 жылдан аса уақыт директор болды, бәрін біледі», — деді басшы.
Бұған дейін 12 желтоқсанда қалалық спорттық нысандары дирекциясы стадионның батыс секторындағы 6 қатар қардан тазартылмағанын хабарлаған. Бұл жанкүйерлерге матчты тамашалау кезінде қолайсыздықтар туындаған. Осыдан соң Алматы орталық стадионының басқарушысы қызметінен шеттетілгені белгілі болды.
Сонымен қатар Ерболат Досаев Smart сity жобасына тоқталды.
2022 жылы Қазақстанда алғаш рет Алматы қаласының бірыңғай бейнемониторинг жүйесі іске қосылды. Бүгінде оған 50 мың бейнекамера қосылды. Келесі жылы бейнекамералар санын 70 мыңға дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр. 2024 жылы кешенді қауіпсіздік жүйесі барлық мемлекеттік балабақша мен мектеп, сондай-ақ 64 медициналық мекеме іске қосылды. Бұл жоба алматылықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды, — деді ол.
Сондай-ақ әкім Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын, қауіпті азайту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
1974 жылы Табиғи тәуекелді азайту үшін алғаш рет Мохнатка және Горельник тауларында беткейлерді қырқу жүргізілді, қала маңындағы 6 көлде профилактикалық жұмыстар жүргізілді және Есентай өзеніндегі мұз-су ағынынан қорғау бойынша кешенді шаралар қабылданды. Біздің басты міндет – сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осыған байланысты 10 мың 916 нысанға сейсмоаудит жүргізілді. Биыл 17 қазанда Mass Alert халықты құлақтандыру жүйесін пайдалана отырып, қалалық сейсмикалық жаттығулар өтті. Жер сілкінісі туралы алдын ала ескертудің автоматтандырылған жүйесін жетілдіру үшін 2025-2026 жылдары қосымша 70 сейсмостанция орнатылады, — деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, әкімдік білім беру инфраструктурасын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Биыл қалада 11,7 мың оқушыға шақталған 18 жаңа білім беру объектісі салынды.
Қабылданған шаралар келесі оқу жылына орын тапшылығын 3-4 мың орынға дейін «басқарылатын» деңгейге төмендетеді. «Алматы мектептері» стандарты енгізілді. Оның аясында мемлекеттік мектептерде оқушыларды тасымалдау ұйымдастырылды. 2024 жылы мектеп автобустарының саны 200-ше өсті. Бұл 15,3 мың оқушыны тасымалдауға мүмкіндік берді. 2025 жылы автобустар саны тағы 100 бірлікке артады, — деді әкім.
Сонымен қатар биыл денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 25%-ға өскен. Мұнда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше назар аударылды.
Биыл Алматы қаласының мәслихаты алғашқы медициналық-санитарлық көмектің бірыңғай стандартын бекітті. Оған сәйкес 4 МСАК орталығы мен 1 емхана салынды, 32 нысанды салуға және жаңғыртуға жобалық-смелатық құжаттама әзірленіп жатыр. 2024 жылғы тамызда Қазақстанда алғаш рет балалар арасында мүгедектікті төмендету үшін ерте араласу орталығы құрылды. Биыл қалада Балалар шұғыл медициналық көмек орталығы ашылды, — деді басшы.
Ерболат Досаевтың пікірінше, медициналық қызметтердің сапасын арттыру – әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі.
«Биыл маусымда Қазақстанда алғаш рет «Ұрық хирургиясы» пилоттық жобасы енгізілді. Енді Алматыда жылына 150-ге дейін жатырішілік ота жасауға болады. 2024 жылы 3 753 пациент 45 нозология бойынша 9,2 млрд теңге сомаға орфандық препараттармен қамтамасыз етілді, қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға өсті. 2 жылдың ішінде жедел медициналық жәрдем автопаркі 37%-ға жаңартылды. 2023 жылы 55 машина, 2024 жылы 48 машина сатып алынды. Денсаулық сақтау саласындағы таңдалған саясаттың дұрыс екенін биылғы 11 айдың қорытындылары растайды. Ол бойынша ана өлімі 48,2%-ға, нәресте өлімі 5,4%-ға, қатерлі ісіктен болатын өлім 16%-ға төмендеді», — деді әкім.
Сондай-ақ соңғы уақытта Алматыда креативті индустрияны дамытуға басымдық беріліп жатыр. Креативті индустрия шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға, шағын және орта бизнеске инновациялық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді. Бұл тұрақты экономикалық өсудің маңызды элементі саналады әрі орта таптың дамуына жол ашады. Сарапшылардың пікірінше, аталған саланы дамыту үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Әкімдік бұл саланы дамытуға мүдделі.
Айта кетейік, бүгінде Алматыда шамамен 1 млн адам шағын және орта бизнесте жұмыс істеп жүр.