Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
Жуырда өңірлерді дамыту бағдарламасымен 136,4 миллион теңгеге Жамбыл ауданы, Қоңыртөбе ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт ашылды. Сонымен қатар, Қайыңды ауылында жоба құны 249,2 миллион теңгені құрайтын 15 келушіге арналған фельдшерлік-амбулатория ашылып, ел игілігіне берілді. Облыстағы денсаулық сақтау саласына күрделі шығындарына жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жыл сайын 1,48 миллиард теңге бөлінеді. Биыл жұқпалы аурулар ауруханасын күрделі жөндеуге 775 миллион теңге, психикалық денсаулық орталығына 705 миллион теңге қарастырылды. Орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандық ауруханаларының құрылысы, Меркі, Шу және Талас ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда.
– Облысымызда бірқатар емдеу мекемелерін салу жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Атап айтсам, Тараз қаласында Асқаров көшесінің соңынан 400 төсектік орынға арналған көпбейінді ауруханаға 12 гектар жер, 250 төсек орынға арналған перинаталдық орталыққа 5,7 гектар жер, 350 төсек орынға арналған жұқпалы аурулар ауруханасына 7 гектар жер бөлінді. Жедел-медициналық жәрдем стансасын салуға жергілікті бюджеттен 35,2 миллион теңге қарастырылды. Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында 250 адамға арналған емхана мен 200 төсектік ауруханасы тұрғызылды. Облыстың медициналық қызметін жақсарту мақсатында «Ақылмандар кеңесінің» құрамы бекітіліп, саладағы өзекті мәселелер шешімін тауып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің Инновациялық технологияларды енгізу туралы бұйрығының негізінде Үздік тәжірибе орталықтары құрылып, бүгінде Меркі, Жамбыл, Талас, Қордай аудандық орталық ауруханаларында және Тараз қаласындағы №2 және №5 қалалық емханасында іске қосылып, жұмыс атқаруда. Медициналық ұйымдарда «Қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс» тетігі жобасы енгізіліп, халықпен тығыз жұмыс істеді. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасынан «Ахуалдық орталық» ашылды. Сонымен қатар, барлық медициналық ұйымдарда науқастарды қолдауға бағытталған Call орталығы қызмет етеді. Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері және халық белсенділерін тарта отырып, бастапқы медико-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың көпшілігінде 30-дан астам халық кеңесі құрылды, – дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев.
«Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің шешімімен, Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында 9 атауы бар дәрілік заттарға төртжақты келісімшарт жасалған. Келісімшарт негізінде облыс бойынша 39 онкологиялық диагнозы бар науқастар үздіксіз қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, 2024 жылғы 25 қыркүйекте ауыр патологиясы және орфандық диагнозы бар науқастарды жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша қамтамасыз ету мақсатында облыстық мәслихаттың 2022 жылғы №19-12 шешіміне бірқатар диагноздармен оларға қажетті дәрілік заттар тізімі толықтыруға ұсынылып, қолдау тапқан. Адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау бойынша бекітілген жоспарға сәйкес қосымша жұмыстар жүргізілуде. Вакциналарды сақтау қоймасына адам папиллома вирусына қарсы бір дозалы 11 471 вакцина жеткізіліпті.
Облыс бойынша 120-дан астам семинар-тренингтерде 2 мыңнан астам мектеп және медициналық мекемелердің қызметкерлері оқытылған.