Көлікті мас күйінде жүргізгендер 8 жыл жүргізуші куәлігін ала алмайды
Елімізде көлікті мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылғандар жүргізуші куәлігін қайта алу үшін 7 не 8 жыл емтихан тапсыра алмайды.
⠀
Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарап жатыр.
⠀
Сенат депутаты Евгений Больгерттің айтуынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартылғандарға жеті-сегіз жылға жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыруға тыйым салынады.
⠀
«ӘҚБтК-нің 608 (жүргізушінің көлікті алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) немесе ӘҚБтК-нің 613-баптары (алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару) бойынша әкімшілік жауапқа тартылған адамдарға қатысты тиісінше 7 немесе 8 жыл бойы көлік басқару құқығын алуға емтихан тапсыруға жіберуге тыйым салу енгізіледі», — деді ол сенаттың жалпы отырысында.