Ұлытау облысындағы шахтада төтенше жағдай болды: жеті адам өлі табылды
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Құтқарушылар жеті жұмысшының денесін тапты, - деп хабарлайды sert-inform.kz
Бұл туралы Қазақстан ТЖМ баспасөз қызметі ресми мәлімет таратты.
«ТЖМ мәліметінше, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не тиесілі кеніште іздестіру-құтқару жұмыстары барысында жетінші қызметкердің денесі табылды. Оның жеке басы анықталып жатыр», – делінген баспасөз хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, барлық жеті жұмысшының денесі жер бетіне шығарылып, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылған. ТЖМ жедел штабында ашылған жедел желіге осы уақытқа дейін 23 қоңырау түскен.
Бұған дейін ТЖМ авариялық-құтқару қызметтері алты жұмысшының денесін тапқанын, жетінші жұмысшыны іздеу жалғасып жатқанын хабарлаған болатын.
Ұлытау облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.