Алматыдағы балабақшада баланы тұншықтырған оқиға бойынша іс қозғалды
Алматыдағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің кішкентай баланы тұншықтырып жатқан видеосы тарады. Оқиға «Ахляк» жекеменшік орталығында болған.
Бейнежазбада тәрбиеші кішкентай баланы жұлқылап, жылатып, даусын шығармас үшін аузын алақанымен жауып жатқанын байқауға болады. Ал 4 жастағы бүлдіршінді ата-анасы жекеменшік балабақшаға апта басында ғана берген екен. Оқиғаны желіден көрген өзге ата-аналар балаларын бақшадан алып кетіп жатыр.
Аудандық білім бөлімі басшылығының айтуынша, бұл нысан базада тіркелмеген. Лицензиясы жоқ. Мемлекеттік қаржыландырусыз жұмыс істейтін жеке мекеме. Әуелде тек шағын орталық ретінде ашылыпты.
Бүлдіршінге зәбір көрсеткен тәрбиешінің кім екені, жасы қаншада, жұмыс тәжірибесі туралы толық ақпарат жоқ. Тек жұмыстан шығарылғаны ғана белгілі. Қалалық Полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу жұмыстары жүгізіліп жатыр.