Құқық бұзушылықтардың алдын алу жылы: ІІМ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтті

0 17
2025 жыл Ішкі істер министрлігі тарапынан «Құқық бұзушылықтардың алдын алу жылы: полиция – Заң мен Тәртіп күзетінде» деп жарияланды. Бұл бастама азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстың алдын алу бойынша кешенді шараларды іске асыруды көздейді. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.

Министрлік цифрлық шешімдерді кеңінен қолданып, құқықтық мәдениетті көтеру және жастар арасында заңға бағынушылықты қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. 2025 жылдың басынан бері ел аумағында 3,7 миллионнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталса, соның 3,2 миллионы – жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері. Бұған қоса, 5 417 мас жүргізуші ұсталып, 116 мыңнан астам жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылған.

2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған заң аясында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында маңызды өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда:

16 жасқа толмағандарға жыныстық сипаттағы әрекеттерге тыйым салынды;

Өз-өзіне қол жұмсауға үгіттеу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылды;

Буллинг үшін әкімшілік жаза енгізілді;

Балаларды автобустан түсіруге тыйым салынды;

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жауапкершілік күшейтілді;

Ұрып-соғу мен жеңіл дене жарақатын келтіру қылмыстық құқық бұзушылықтар санатына жатқызылды.

Ішкі істер министрлігі жанынан әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған арнайы бөлімшелер құрылып, барлық білім беру мекемелеріне ювеналды полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар бекітілді. Олардың негізгі міндеті – балалар мен ата-аналарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және құқық бұзушылықтардың алдын алу.

2025 жылдан бастап барлық мектептер мен колледждерде «111» байланыс орталығына жедел хабарласуға мүмкіндік беретін QR-кодтар орнатылды. Бұл қызмет құқықтық, психологиялық және ұйымдастырушылық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, білім мекемелерінің кіреберісінде анонимді шағымдарға арналған ақпараттық бұрыштар да қарастырылған.

Цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік те назардан тыс қалмаған. Жыл басынан бері:

7 мыңнан астам есірткі жарнамалайтын сайт,

2 мыңнан астам экстремистік контент,

28 мыңнан астам интернет-алаяқтық белгісі бар ресурс анықталып, бұғатталды.

ІІМ аталған шаралардың барлығы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.