Қазақстанда алғаш рет үш жақты айқаспалы бүйрек трансплантациясы жасалды

0 7
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Қазақстанда алғаш рет трансплантолог дәрігерлер тобы ерекше ота жасады – үш жақты айқаспалы бүйрек ауыстыру операциясы

Операциялар профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында өтті.

«Бір күнде, 12 сағат ішінде, үш донорлық және үш бүйрек трансплантациясы отасы жасалды. Пациенттердің жақын туыстары медициналық тұрғыдан сәйкес келмегендіктен, айқаспалы донорлық әдіс қолданылды. Соның арқасында әрқайсысы жаңа өмірге мүмкіндік алды», – делінген министрлік хабарламасында.

Айқаспалы бүйрек трансплантациясы – бір мезетте бірнеше орган алмастыруды көздейтін ота. Бұл әдіс туыстық қатынасы жоқ донорлар мен реципиенттер арасында қолданылады.

«Егер жақын туысы бүйрегін бере алмайтын жағдайда, мысалы, қан тобы немесе тін сәйкессіздігіне байланысты, дәрігерлер дәл сондай жағдайдағы басқа отбасыны іздейді. Егер екі жұп бір-біріне сәйкес келсе – өзара алмастыру жүргізіліп, ота жасау мүмкін болады», – деп түсіндірді министрлік.

Министрлік мәліметінше, Қазақстан – мұндай жоғары технологиялы оталарды жасай алатын әлемдегі алты елдің бірі. Бұл қатарға АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Түркия және Үндістан кіреді. Ең ауқымды айқаспалы трансплантация 2019 жылы Түркияда жасалып, оған жеті донор мен жеті реципиент қатысқан.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.