ХҚКО азаматтарды сергелдеңге салып отыр – депутат

0 9
Қазақстандағы халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы жағдай сын көтермейді – ұзын-сонар кезек пен қызметкерлердің сыпайылықтан ада қарым-қатынасы тұрғындардың наразылығын тудыруда.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова мәлімдеді,

«Кезектер, жұмысты дұрыс ұйымдастырмау, ашықтықтың жоқтығы, қызметкерлердің бейқамдығы – мұның бәрі адамдарды ашуландырып қана қоймай, мемлекеттік мекемелерге деген сенімді әлсіретіп отыр», – деді депутат.

Ол елордада және басқа ірі қалаларда күн сайын адамдар талон алып, сағаттап кезек күтетінін, ал кешкі 18:00-де еш ескертусіз қызметкерлер компьютерді сөндіріп, кетіп қалатынын айтты. Электронды кезек пен онлайн брондау жүйесі көбіне істемейді, ресми түрде бар болғанымен, іс жүзінде дұрыс жұмыс істемейді немесе қолжетімсіз.

Кей өңірлерде адамдар әлі күнге дейін таңғы ерте сағаттан бастап тірі кезекке тұруға мәжбүр. Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, қызметкерлердің салғырттығы, дөрекілігі және формальды көзқарасы жиі кездеседі. Кейде бір азамат терезенің алдында 30 минут отырады, бірақ мұның еш негізі жоқ. Кейбірін басқа мекемеге не үшін жібергенін де түсіндірмей жібереді.

«Ең алаңдатарлығы – ашықтықтың болмауы. Азамат қандай қызметке қанша уақыт кететінін, нақты филиалды кім басқаратынын, шағым мен ұсынысты қайда айту керек екенін білмейді. Бағалау жүйесі жоқ жерде – жауапкершілік те жоқ», – деді Сағандықова.

Сонымен қатар, депутат Астанадағы кейбір ХҚКО бұрынғы мейрамхана, түнгі клуб немесе кафе ғимараттарында орналасқанын айтты. Мұндай нысандардың ішкі құрылымы күнделікті мыңдаған адам келетін мемлекеттік мекемеге мүлде сәйкес келмейді.

Осыған байланысты депутат Ажар Сағандықова бірнеше нақты ұсыныс айтты. Оның айтуынша, ХҚКО-ның жұмыс тәртібі заңмен реттеліп, жұмыс уақыты аяқталуға бір сағат қалғанда талон беруге тыйым салынуы керек және талон алған азаматтардың барлығына міндетті түрде қызмет көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ ХҚКО-ның жұмыс кестесі қайта қаралып, сенбі-жексенбі күндері де жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылып, оның орнына апта ішіндегі басқа күндерде демалыс беру жолы ойластырылуы қажет.

Депутат қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін әр филиалда цифрлық бақылау тақтасын орнатып, онда орташа жүктеме, әр қызметке кететін уақыт, филиал басшылығының байланыс нөмірлері көрсетіліп, азаматтарға шағым қалдыру немесе қызмет сапасына баға беру мүмкіндігі жасалуы керек деп санайды. Сонымен қатар, халықтың сенімін арттыру үшін тәуелсіз аудит, қоғамдық сауалнама және ашық есеп беру жүйесі арқылы қоғамдық бақылау енгізу қажет. Бұдан бөлек, ХҚКО кеңселерінің ішкі құрылымы біріздендіріліп, азаматтарға ыңғайлы етіп қайта жоспарлануы тиіс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.