Айлық аз шығын көп
Айлық өсті, бірақ базардан бәрібір бір пакетпен қайтамыз
Қазақстандықтар 2024 жылы табыс жағынан біраз алға жылжыды, бірақ әмиянның қалыңдауы байқалмай тұр. Статистикаға сүйенсек, халық тапқан табысының тең жартысын азық-түлікке жұмсаған.
Тапқан табыстың 22,4%-ы азық-түлікке жатпайтын тауарларға кеткен. Бірақ ең қызығы: халық тапқан табысының 6,6%-ын кредит пен қарыз жабуға жұмсаған. Демек, «айлық келді – қарыз қайтты» деген сценарий әлі сахнадан түскен жоқ.
Ал енді сандар сөйлесін:
2024 жылы қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа табысы 1 328 907 теңге болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14,3%-ға артық. Бірақ қуануға асықпаңыз — шығын да өсіп үлгерді! Былтыр жан басына шаққандағы шығын орта есеппен 1 172 998 теңге болды, яғни 6,6%-ға жоғарылаған.
Тұтынуға пайдаланылған табыс көрсеткіші де қызық: 2024 жылы әр қазақ орта есеппен 1 189 963 теңгені тек тұтыну мақсаттарына жұмсаған. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 6,3%-ға көп.
Өңірлерге үңілсек:
- Астана қаласы бірінші орында — халықтың тұтынуға бағытталған табысы республикалық орташа деңгейден айтарлықтай жоғары. «Ел ордасында бәрі элиталы» деген сөз шындыққа айналған сияқты.
- Түркістан облысы мен Шымкент қаласы, керісінше, тізімнің соңында жүр. Бұл өңірлерде тұтынуға пайдаланылған табыс республикалық орташа деңгейден 0,7%-ға төмен.
Жамбыл облысының жағдайы қандай? Жамбыл облысында да табыс өсімі байқалғанымен, ел бойынша орташа деңгейден сәл төмен көрсеткіш тіркелді. Жамбылдықтардың жан басына шаққандағы шығыны республикалық орташа деңгейден 1,1%-ға төмен болып шықты. Аймақтағы тұрғындар азық-түлік пен негізгі тауарларға жұмсаған шығын көлемі басқа өңірлермен салыстырғанда анағұрлым ұтымды көрінеді. «Аз шығын – көп пайда» дегендей, жамбылдықтар әлі де үнемшілдіктен жаңылған жоқ.
Бонус жаңалық: Сауда министрлігі соңғы айда жұмыртқа, ұн, күріш және қарақұмық бағасының арзандағанын хабарлады. Дегенмен, қазақстандықтардың «арзан» деген сөзге сенбей, дүкенде бәрін жеке тексеріп жүргені жасырын емес.