Канеломен жекпе-жекке лайық 5 боксшы аталды: олардың қатарында Жәнібек Әлімханұлы да бар
Boxing247 порталы Сауль «Канело» Альвареске қарсы жекпе-жекке шын мәнінде лайықты боксшылардың тізімін жариялады. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда Канелоға қарсы деңгейі сәйкес келетін спортшылардың қатарында қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлы да бар.
Тізімге енген бес боксшы:
-
Кристиан Мбилли
-
Ослейс Иглесиас
-
Лестер Мартинес
-
Жәнібек Әлімханұлы
-
Йоенли Эрнандес
Жәнібек Әлімханұлы – орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Ол соңғы жекпе-жегін 2025 жылғы 5 сәуірде Астанада өткізіп, француз Анауэль Нгамиссенгені 2-раундта нокаутпен жеңген болатын.
Бұл ақпарат Нью-Йоркте 12 шілдеге жоспарланған Эдгар Берланга мен Хамза Шираз арасындағы жекпе-жек қарсаңында жарияланды. Берланга бұл жекпе-жекте қарсыласын Канело ретінде елестетіп, психологиялық тұрғыдан «жеңіп қойғанын» айтты.
«Мен оны ойымда жеңіп қойдым. Мен сені Канело деп елестетіп жүрмін. Тек оны (Ширазды) жолдан алып тастасам болғаны, Канеломен сөйлесуге дайын боламын», – деді ол.
Алайда Boxing247 порталы мен Ring Magazine сарапшылары Берланганың бұл мәлімдемесін негізсіз деп бағалап, оның Канеломен екінші жекпе-жекке лайық емес екенін мәлімдеді. Олардың пікірінше, Берланга «жасанды жұлдыз» ретінде қалыптасқан, ал оның қарсыластарының деңгейі – күмәнді.
Ширазға қатысты да сын айтылды – сарапшылар оның соңғы кездесулеріндегі сенімсіз өнерін мысалға келтірді.
Сондықтан шолушылар Канелоға қарсы шынайы бәсекелестік көрсете алатын бес боксшыны бөлек атап көрсеткен.