Жамбыл облысында алаяқ әйел кәсіпкерлерден 8,6 млн теңге жымқырды
Талас аудандық соты бұрын да алаяқтық үшін сотталған әйелдің кезекті әрекетін әшкерелеп, оны 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Үкім ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 3, 4-тармақтары бойынша шығарылған.
Қалай алдады?
Сот мәліметінше, Н. есімді әйел өзін ЖШС директоры ретінде таныстырып, 2024 жыл бойы кәсіпкерлерге 5%-бен жеңілдетілген несие рәсімдеуге көмектесемін деп сендірген. Осы уәдені алға тарта отырып, ол 8 азаматты жалған қызмет көрсету шарттарымен адастырып, жалпы сомасы 8,6 млн теңгеден астам қаржыны иемденіп кеткен.
Сот үкімі:
- Сот оның жасаған ісіне ішінара өкініш білдіргенін және жас баласының барын ескеріп, жазаны 3 жылға кейінге қалдырды.
- Жәбірленушілердің талаптары толық қанағаттандырылып, келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді.
Бұған дейін Н. 2024 жылы да алаяқтық үшін сотталған, бірақ жаза бала тәрбиелеп отырғаны үшін кейінге қалдырылған болатын.