Қытай Starlink спутниктерін бейтараптандыру жоспарын әзірлеуде

0 46

Қытай билігі америкалық Starlink спутниктік жүйесінің әскери әлеуетіне алаңдап, оны бейтараптандырудың мүмкін жолдарын қарастыруда. Бұл туралы немістің Bild басылымы хабарлады.

Пекиндегі әскери сарапшылар мен мемлекеттік зерттеу орталықтарының мамандары Starlink желісіне қарсы әрекеттердің түрлі әдістерін зерттеп жатыр. Олар Илон Масктың спутниктері АҚШ-тың әскери мақсаттарына пайдаланылуы мүмкін деп қауіптенеді.

Қытайлық зерттеулерде қарсы әрекет етудің бірнеше тәсілі қарастырылған: спутниктік сигналдарды ұстап алу және бұғаттау, химиялық заттар арқылы спутниктерге әсер ету, сондай-ақ арнайы құрылғылармен істен шығару. Сонымен қатар орбитадағы нысандарды жоюға қабілетті лазерлік қаруы мен иондық қозғалтқыштары бар «соққы спутниктері» туралы болжамдар айтылуда.

Қазіргі таңда SpaceX компаниясының Starlink жүйесі орбитадағы 12 мыңға жуық спутниктің 8 мыңына иелік етеді. Компания 140 елде интернет қызметін ұсынады. Алайда Қытай, Иран және Солтүстік Корея бұл тізімге кірмейді.

Осыған жауап ретінде Қытай өз спутниктік желілерін — Guowang және Qianfan жобаларын — дамытып жатыр. Алайда жоспарланған 15 мың спутниктің ішінде тек жүзге жуығы ғана іске қосылған. Starlink-тің басқа бәсекелестері де артта қалып отыр: Amazon-ның Kuiper жобасында — 78, ал OneWeb жүйесінде шамамен 650 спутник бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.