Президент жасанды интеллектіні дамыту жөнінде кеңес өткізді
2025 жылғы 11 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Отырысқа Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері және орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.
Президент ЖИ-дің қарқынды дамуы әлемдегі технологиялық өзгерістердің сипатын түбегейлі өзгертетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл технология ұлттық дербестік пен экономикалық өсімнің маңызды факторы болып отыр.
«2033 жылға қарай ЖИ нарығы 4,8 триллион долларға жетуі мүмкін, ал оның үлесі ғаламдық технологиялық индустрияда 7%-дан 29%-ға дейін артады. Бұл – орасан өсім. Қазақстан да осы салада белсенді болуы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы АҚШ-тың «America’s AI Action Plan» стратегиясын және Қытайдың ЖИ жөніндегі жаһандық ұйым құру бастамасын мысалға келтіріп, Қазақстан бұл үрдістерден шет қалмауы керектігін айтты. Ол Қытайдың ұсынысын қолдау қажет екенін, дайындық жұмыстарына атсалысу керектігін жеткізді.
Қазақстанның басты мақсаты – Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу. Президент бұл үшін ұлттық цифрлық экожүйе құруды жеделдетіп, инфрақұрылым, заңнамалық негіз және деректер жинау жүйесін дамыту қажет екенін атап өтті.
«Бұл тапсырмалардың орындалу барысы әзірге көңіл көншітпейді. Әр мәселе жүйелі түрде қаралып, батыл шешімдер қабылданып, орындалуы қатаң бақылауға алынуы тиіс», – деді ол.