Астана әуежайы 25 жылға БАӘ компаниясының басқаруына берілді
Астана қаласының әкімдігі 2025 жылғы 16 шілдеде «Terminals Astana Airport Limited» компаниясымен 25 жыл мерзімге сенімгерлік басқару жөнінде келісімшарт жасасты. Құжаттың мерзімі 2050 жылдың 16 шілдесіне дейін күшінде болады.
Бұған дейін, 2023 жылдың қарашасында, әуежайды «Terminals Astana Airport Management» ЖШС-ға уақытша басқаруға беру туралы шешім қабылданған еді. Алғашқы келісім бір жылға жасалып, тараптар инвестиция көлемі мен инфрақұрылымдық жоспарларды нақтылауы тиіс болатын. Алайда бұл шарттар уақытында орындалмағандықтан, келісім екі айға ұзартылды.
2025 жылдың қаңтарында әуежай нысаны Астана әкімдігінің балансына өтті. Кейін әкімдік БАӘ-нің Terminals Holding компаниясымен жаңа келіссөздер жүргізді.
Жаңа оператор – «Terminals Astana Airport Limited» 2024 жылғы 11 желтоқсанда тіркелген. Құрылтайшысы – БАӘ-де тіркелген TERMINALS HOLDING — SOLE PROPRIETORSHIP L.L.C.. Бұған дейін жобаға жоспарланған жалпы инвестиция көлемі 1,1 млрд АҚШ долларын құрайтыны хабарланған.
Әкімдік мәліметінше, жаңа басқарушы компания әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, қызмет сапасын арттыру және жолаушылар ағынын көбейту бойынша міндеттерді орындайды.