Қазақстан–Пәкістан: Сауда, көлік және IT салаларында серіктестік күшейеді

0 29

Қазақстан мен Пәкістан екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетіп, тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Пәкістан тарапының шақыруымен Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Исламабадқа ресми сапармен барды. Делегация құрамында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев және мемлекеттік, квазимемлекеттік сектор өкілдері болды.

Келіссөздер барысында Мұрат Нұртілеу Пәкістан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхаммад Исхақ Дармен кездесті. Тараптар екіжақты серіктестікті дамыту перспективаларын талқылап, сауда, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика және IT салаларындағы жобаларды алға бастыруға уағдаласты.

«Пәкістан – Оңтүстік Азиядағы сенімді досымыз әрі маңызды серіктесіміз. Екі ел арасында жоғары деңгейдегі байланыстарды қоса алғанда, мазмұнды саяси диалог орнаған», – деді М.Нұртілеу.

Өз кезегінде Исхақ Дар Исламабадтың Астанамен практикалық әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықтарымыздың тұрақты әрі гүлденген болашағы үшін екі ел айтарлықтай әлеуетке ие.

Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан мен Пәкістан сыртқы істер министрліктері 2025–2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды. Құжат екі ел арасындағы келісімдерді жүйелі түрде жүзеге асыруға бағытталған маңызды құрал болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.