Таиландтағы Қазақстан Елшісі WFB басшысымен дінаралық диалогты талқылады

0 23

Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Дүниежүзілік буддистер бауырластығының (WFB) президенті Фаллоп Тайаримен кездесті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Елші Бауырластыққа ұзақ жылғы жемісті серіктестігі үшін алғыс білдіріп, бейбітшілікті нығайтудағы және конфессияаралық диалогты дамытудағы буддизмнің рөліне тоқталды. Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауындағы негізгі қағидаларды таныстырды. Президент өз сөзінде қазіргі сын-қатерлер жағдайында бірлік пен дінаралық келісімнің маңызын ерекше атап өткен еді.

Тараптар 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне дайындық мәселелерін талқылады. «Діндер диалогы: болашаққа синергия» тақырыбындағы бұл жиын әртүрлі конфессия өкілдерінің өзекті жаһандық мәселелерді бірлесе шешу үшін бас қосатынын көрсетеді.

Өз кезегінде Фаллоп Тайари Қазақстанға дінаралық келісімді нығайтуға бағытталған бастамалары үшін алғыс білдірді және буддистік делегацияның алдағы съезге белсенді қатысатынын растады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.