Криштиану Роналду – тарихтағы алғашқы миллиардер футболшы

0 19

Португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду тарихта алғаш рет долларлық миллиардер атанған футболшы болды. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

Басылым алғаш рет Роналдудың таза байлығын бағалап, оны Bloomberg миллиардерлер индексіне енгізді. Агенттіктің мәліметінше, футболшының байлығы шамамен 1,4 миллиард доллар деп есептеледі.

Роналду бұған дейін өз қарсыласы, аргентиналық Лионель Мессимен табыс деңгейінде тең түсіп келген. Алайда жағдай 2023 жылы өзгерді — сол жылы ол Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубымен рекордтық 200 миллион долларлық келісімшартқа қол қойып, кейін оны ұзартқан. Қазір келісімшарттың жалпы құны 400 миллион доллардан асып отыр.

Ал Месси 2023 жылдан бері америкалық «Интер Майами» клубында ойнап жүр. Оның жалақысы Роналдудікіне қарағанда әлдеқайда төмен болғанымен, ол зейнетке шыққаннан кейін клубтан үлес алу құқығына ие болады. Bloomberg сарапшыларының пікірінше, бұл аргентиналыққа болашақта Роналду деңгейіне жақындауға мүмкіндік береді.

40 жастағы Роналду — Чемпиондар лигасының бес дүркін жеңімпазы, Еуропа чемпионы, Ұлттар лигасының екі дүркін иегері. Ол ресми матчтарда 900 гол соққан алғашқы футболшы атанып, футбол тарихында өз орнын айқын бекітті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.