Мемлекет басшысы өзінің саяси қадамын жасады. Ал, біз дайынбыз ба?
Жапарова Әсел Әбілханқызы
Тараз қалалық мәслихатының депутаты.
Соңғы күндері өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы мемлекеттік басқару жүйесіндегі және қоғамдық санадағы бірқатар өзекті мәселелерді айқын көрсетті. Бір жағынан, Мемлекет басшысы тарапынан айтылған қатаң сын, нақты тапсырмалар мен белгіленген мерзімдер бар. Екінші жағынан, қоғамдық кеңістікте екінші деңгейдегі тақырыптардың басым талқылануы байқалады. Бұл құбылыс қоғамдағы ақпаратты қабылдау мәдениетіне қатысты маңызды сұрақтар туындатады.
Президенттің сөйлеген сөзінде тәртіп мәселесінен бөлек, басқарудағы жүйелілік, жеке жауапкершілік, құжаттармен жұмыс істеу мәдениеті, мазмұнға терең үңілу және қабылданатын шешімдерге жаңа көзқарас қажеттігі бірнеше рет атап өтілді. Алайда қойылған міндеттердің маңызы мен ауқымы барлық деңгейде бірдей қабылданып отыр деп айту қиын. Бұл – басқару мәдениетінде әлі де инерция бар екенін көрсетеді.
Мемлекет басшысы кадрлық әлеуеттің нақты жай-күйін жақсы біледі және өзінің бағасын ашық жеткізді. Бұл — мемлекеттік аппараттың қызметіне сырттай емес, жүйелі бақылау жүргізіліп отырғанының белгісі. Мұндай тәсіл жауапкершілікті күшейтіп қана қоймай, басқару сапасын арттыруға бағытталған.
Алда жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыхалықтық референдум өтпек. Бұл — елдің саяси дамуындағы маңызды кезең. Уақыт шектеулі, талап жоғары. Өйткені қоғамдық сенім декларациялармен емес, нақты іс-әрекетпен қалыптасады. Қоғамдағы көңіл күйдің өзі осы үдерістің қаншалықты сезімтал екенін аңғартады.
Жаңартылған Конституцияда білім беру, ғылым, инновация және мәдениет салаларының стратегиялық басымдық ретінде бекітілуі — ұзақ мерзімді дамуға бағытталған маңызды шешім. Сонымен қатар, мемлекеттік егемендікті нығайту мен адам құқықтарын қорғауға қатысты нормалардың күшейтілуі құқықтық мемлекеттің негізін тереңдете түседі.
Бұл өзгерістерді білім беру жүйесінде еңбек етіп жүрген маман ретінде қабылдау — ерекше жауапкершілік жүктейді. Формализмнің мазмұнды басып озуы, есептің адамнан жоғары қойылуы, кадрлардың немқұрайдылығы сияқты мәселелердің салдары күнделікті тәжірибеде айқын көрінеді. Мұндай жағдайда жүйелік өзгеріссіз нәтижеге жету мүмкін емес.
Сонымен бірге, саяси еріктің бар екені де байқалады. «Мемлекет адам үшін» деген қағиданың жария түрде айтылуы — басқару философиясының өзгеруіне бағытталған қадам. Алайда бұл ұстаным билік пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікке негізделмесе, формалды сипатта қалып қоюы мүмкін.
Алдағы кезеңде қоғамның, әрбір азаматтың таңдауына байланысты шешуші сәт туындайды. Конституциялық өзгерістердің тағдыры тек дауыс берумен шектелмейді — ол азаматтық сана, қатысу және жауапкершілік деңгейімен өлшенеді.
Қорытындылай келе, мемлекеттің кемелдігі оның азаматтарының саналық жетілуімен тікелей байланысты. Бұл — бүгінгі күннің басты талабы.