Қазақстанда шағын бизнеске өсімпұл мен айыппұлды есептен шығару тәртібі бекітілді

0 9

Қазақстанда микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару ережесі бекітілді. Тиісті бұйрыққа Қаржы министрі 2026 жылғы 13 ақпанда қол қойған

Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалыптасқан салық берешегі толық өтелген жағдайда, белгілі бір өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады.


Қандай сомалар есептен шығарылады?

Ережелерге сәйкес, төмендегі жағдайларда есептен шығару қарастырылған:

  • 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қалыптасқан салық берешегіне есептелген өсімпұлдар;

  • Сол күнгі жағдай бойынша мемлекеттік кірістер органдары салған айыппұлдар;

  • Төлеу мерзімі ұзартылған салық міндеттемелері бойынша, егер кәсіпкер 2026 жылғы 1 сәуірге дейін қарызды толық өтесе, өсімпұлдар мен айыппұлдар;

  • ҚҚС бойынша тіркелмеген кезеңдегі айналым үшін салынған айыппұлдар.

Негізгі шарт — 2026 жылғы 1 қаңтардағы берешекті 2026 жылғы 31 наурызға дейін толық көлемде өтеу.


Есептен шығару қалай жүзеге асады?

Өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару туралы шешімді арнайы комиссия қабылдайды. Комиссия салық төлеушінің жеке шоттарын түгендеу нәтижесінде берешекті толық өтеген кәсіпкерлерді іріктейді.

Комиссияны мемлекеттік кірістер органы басшысы немесе оның орынбасары басқарады. Құрамына тіркеу, берешекпен жұмыс, әкімшілік істер, салықтық аудит, ҚҚС әкімшілендіру және заң қызметі өкілдері кіреді.

Шешім қабылданғаннан кейін өсімпұл сомасы 3 жұмыс күні ішінде салық төлеушінің жеке шотынан есептен шығарылады.


Қандай сомалар есептен шығарылмайды?

  • Кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ жеке тұлғалардың салық міндеттемелері бойынша өсімпұлдар;

  • Жеке тұлғаларға кәсіпкерлікке қатысы жоқ құқықбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдар.


Қашан күшіне енеді?

Бұйрық 2026 жылғы 24 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

Құжатты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бекітті. Есептілік Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне ұсынылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.