Референдум нәтижелері қашан жарияланады?
2026 жылғы 23 ақпанда өткен брифингте Референдумның орталық комиссиясы мүшесі Азамат Айманақұмов 15 наурызда өтетін республикалық референдумды ұйымдастыру тәртібін түсіндірді.
Нәтижелер қашан белгілі болады?
Комиссия өкілінің айтуынша, дауыс беру қорытындылары Орталық комиссия отырысында шығарылып, арнайы хаттамамен рәсімделеді.
Референдум нәтижелері туралы ресми хабарлама дауыс беру өткен күннен бастап жеті күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Яғни, 15 наурызда өтетін референдумның ресми қорытындылары 22 наурызға дейін жариялануы тиіс.
Дауыс беру қалай өтеді?
-
Барлығы 10 411 учаске жұмыс істейді;
-
Оның ішінде 80 учаске Қазақстанның 62 шет елдегі өкілдіктері жанында ұйымдастырылады;
-
Азаматтардың көпшілігі үшін дауыс беру уақыты – 07:00-ден 20:00-ге дейін;
-
Әскери бөлімдерде, емдеу мекемелерінде, демалыс орындарында және тергеу изоляторларында арнайы учаскелер қарастырылған.
Дауыстарды санау жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады (егер дауыс беру уақыты өзгертілмесе).
Референдум өтті деп қашан есептеледі?
-
Егер қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан астамы дауыс берсе – референдум өтті деп саналады;
-
Шешім қабылдануы үшін дауыс беруге қатысқан азаматтардың 50 пайыздан астамы ұсынылған мәселені қолдауы қажет.
Айта кетейік, 2026 жылғы 11 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.