Тараз қаласындағы №44 орта мектепте «Академиялық адалдық қағидаттары және оларды сақтау жолдары» тақырыбында педагогтерге арналған ақпараттық кездесу өткізілді.

Іс-шара Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.
Жиынға білім ордасының педагогикалық ұжымы қатысып, оқу-тәрбие процесінде адалдық нормаларын сақтау, әділ бағалау жүйесін жетілдіру және кәсіби этиканы ұстану мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсел Жапарова Әбілханқызы және «Әділдік жолы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова баяндама жасап, тақырыптың маңыздылығына тоқталды.
Спикерлер білім беру жүйесінде адалдық қағидаттарын сақтау – сапалы нәтижеге қол жеткізудің негізгі шарты екенін атап өтті. Сонымен қатар, оқушылар арасында әділдік мәдениетін қалыптастыру, плагиаттың алдын алу және педагогтердің кәсіби жауапкершілігін арттыру бағытында нақты ұсыныстар айтылды.
Іс-шара барысында қатысушылар өзара ой бөлісіп, тәжірибелік сұрақтарын ортаға салды. Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесу ұстаздардың кәсіби көзқарасын кеңейтуге ықпал етті.
Қорытындысында академиялық адалдықты сақтау – білім беру сапасын арттырудың және сенімді қоғам қалыптастырудың маңызды тетігі екені атап өтілді.