Тараз қаласындағы №31 орта мектепте педагогтерге арналған «Академиялық адалдық қағидаттары және оларды сақтау жолдары» тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған іс-шара Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылды.
Кездесуге мектептің педагогикалық ұжымы қатысып, білім беру саласындағы адалдық принциптері, кәсіби этика және оқу үдерісіндегі әділдікті қамтамасыз ету мәселелері кеңінен қарастырылды.
Іс-шара барысында Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсел Жапарова Әбілханқызы және «Әділдік жолы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова қатысып, мазмұнды баяндама жасады.
Спикерлер өз сөздерінде академиялық адалдықты сақтау – тек талап қана емес, педагогтің кәсіби ұстанымы екенін атап өтті. Сонымен қатар, білім алушылар арасында әділдік мәдениетін қалыптастыру, бағалау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету және заң талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиын барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Ашық форматтағы кездесу ұстаздардың тақырыпқа деген қызығушылығын арттырды.
Іс-шара қорытындысында адалдық қағидаттарын ұстану – сапалы білім беру мен сенімді қоғам қалыптастырудың негізі екені айтылды.
Аталған дәріс «Адал қоғам» ҚБ ұйымдастыруымен өтті.