Байзақ ауданында мобильді қоғамдық қабылдау өтті
2026 жылғы 12 маусым күні Байзақ ауданында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтардың өтініштеріне жедел құқықтық көмек көрсету мақсатында мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
Іс-шараға «Адал қоғам» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, әділет органдарының тәжірибелі заңгерлері, мемлекеттік және жеке сот орындаушылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас мамандары қатысты.
Қабылдау барысында аудан тұрғындары алимент өндіру, атқарушылық іс жүргізу, борышкерлер мен өндіріп алушылардың құқықтары, құжаттарды рәсімдеу, мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі, әлеуметтік және еңбек қатынастары мәселелері бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан құқықтық кеңес алды.
Мамандар азаматтардың жеке мәселелерін тыңдап, заңнама талаптарына сәйкес түсіндірмелер берді. Кейбір мәселелер бойынша тұрғындарға тиісті мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі түсіндіріліп, нақты құқықтық көмек көрсетілді.
Қабылдау барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің өкілдері мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мобильді қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсаты – халыққа құқықтық көмекті қолжетімді ету, тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың мәселелерін жергілікті жерде шешуге ықпал ету. Осындай кездесулер тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында тұрғындар ұйымдастырушылар мен мамандарға көрсетілген қолдау мен берілген кеңестер үшін алғыстарын білдірді.