РЕФЕРЕНДУМ: ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ШТАБ МҮШЕЛЕРІ ЖУАЛЫЛЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

0 49

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың екінші қыркүйек күні Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялағаны белгілі. Президенттің Жарлығымен бекітілген Қазақстанда АЭС салу жөніндегі референдум 6 қазанда өтеді. Осыған сәйкес елімізде дауыс беруге құқылы сайлаушы халықты референдумға шақыру, АЭС салу туралы дұрыс шешім қабылдауға үндеуге арналған үгіт жиындары елдің барлық өңірінде өткізілу үстінде. Сәрсенбі күні облыстық халықтық штабтың мүшелері Жуалы ауданына атбасын бұрып, өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. АЭС туралы сөз сөйлеуші спикерлерден бірінші болып облыстық халықтық штабтың мүшесі, қоғам қайраткері Батырбек Құлекеев атом энергетикасының маңыздылығы туралы кеңінен ой қозғады. -Елімізде атом электр станциясын салу туралы маңызды мәселе бүгін ғана басталған жоқ. Бұл мәселенің пісіп-жетілуі де елімізде электр энергиясының тапшылығымен тікелей байланысты болып отыр. Қазақстанда АЭС салу өте маңызды қадам болғалы тұр. Олай дейтініміз, бізге бейбіт атом энергетикасын дамыту ауадай қажет. Бұл – бейбіт мақсаттағы атом энергетикасы. Жасыратыны жоқ, қазір елде электр энергиясына деген тәуелділік жыл санап артып келеді. Бұл көрсеткіш биыл 30 пайыз болса, тапшылық жыл өткен сайын артпаса, кемімек емес. Атом өндірісінен қорқудың еш қажеті жоқ. Қазір әлемнің дамыған елдерінің бірқатарында 500-ге тарта атом электр станциясы тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл – сарқылмайтын қуаттың көзі. Баламалы және қайта қалпына келетін энергия көздеріне қарағанда, АЭС одан бірнеше мың есе мол энергия өндіреді. Мұның экологияға тигізетіні зияны да аз. АЭС салуға бөлінетін қаржы-қаражаттың 40 проценті қауіпсіздік шараларына жұмсалмақ. Осыдан-ақ оның адам өміріне және экологияға қауіпсіз екенін анық аңғаруға болады. Қорыта келгенде, АЭС салу елдің жарқын болашағына қажетті маңызды қадам болғалы тұр. Барша Жуалы жұртшылығын алтыншы қазан күні өтетін жалпыхалықтық референдумға біркісідей қатысып, дұрыс таңдау жасауға шақырамын. Ел аман, жұрт тыныш болсын,- деді Батырбек Әбдірәсілұлы. Келесі кезекте сөз алған халықтық штабтың мүшелері, Жамбыл облыстық және Тараз қалалық мәслихатының депутаттары – Керімқұл Бегалиев, Жанат Бастаубаева және Әсел Жапарова Қазақстанда АЭС салудың тиімділігіне, онымен қоса, ғылыми дәлелдемелерге тоқталып, жиналған көпшілікті елдің болашағы үшін дұрыс таңдау жасауға шақыратындарын жеткізді. Айта кету керек, аудандық халықтық штабтың мүшесі, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалының төрағасы, денсаулық сақтау жүйесінің үздігі Сейітхан Жұмашев сөз сөйлеп, АЭС салудың ел экономикасы мен экологияға да тигізер орасан зор пайдасын дәлелді түрде жеткізіп, жиналғандарды референдумға белсене қатысуға үндеді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист,
Аудандық халықтық штабтың мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.