Алматы облысында 110 млн теңгеге пәтер уәде еткен алаяқ сотталды
Алматы облысында жағдайы төмен тұрғындарға арнап төмен пайызбен ипотека рәсімдеп беремін деп уәде берген 47 жастағы Қаскелең қаласының тұрғыны 110 млн теңгеге жуық қаржыны иемденіп, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу мәліметтері бойынша, жоғары білімі бар, ресми жұмыссыз азамат өзін әкімдік қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындарға қолжетімді тұрғын үй бағдарламасына қатысуға көмектесемін деп сендірген. Уәде етілген мерзім ішінде еш нәтиже болмаған соң жәбірленушілер құқық қорғау органдарына жүгінген.
Сот үкіміне сәйкес, ол мемлекетке және жәбірленушілерге келтірілген 75 млн теңге шығынды өтеуге міндеттелді.