Ангела Меркель: Израильдің Иранға шабуылын Ресейдің Украинаға басып кіруімен салыстыруға болмайды

0 36

Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттерін Ресейдің Украинаға басып кіруімен салыстыру дұрыс емес. Өйткені Украина Ресейдің өміріне қауіп төндірмеді. Бұл туралы Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель Neue Osnabrücker Zeitung басылымына берген сұхбатында айтты.

— Мен Израиль халықаралық құқықты бұзуда деген пікірмен келіспеймін. Егер Иран немесе ХАМАС секілді тараптар Израиль мемлекетінің өмір сүру құқығына күмән келтірсе, мұндай жағдайда халықаралық құқық аясында жауап беру оңай емес. Бір елдің жойылуы жөнінде ашық айтылса, онда сол ел өзін қорғай алуы керек, — деді Меркель.

Ресей мен Украина арасындағы жағдайға тоқталған экс-канцлер бұл әрекетті халықаралық құқыққа қайшы деп атады:

— Украина ешқашан Ресейге қауіп төндірген жоқ, соған қарамастан шабуылға ұшырады, — деді ол.

Меркельдің айтуынша, 1990 жылдардың басында, қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін, Германия мен бүкіл әлемде үлкен оптимизм болған. Адамдар еркіндік пен тұрақтылық дәуірі басталды деп сенген.

— Ол кезде адамдар: «бұл тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде де еркіндік үстемдік құрады» деп ойлады. Бұл енді тек уақыттың еншісіндегі нәрсе сияқты көрінді, — деді ол.

Бұрынғы канцлер қазіргі жағдайдың күрделене түсуіне бірнеше факторларды атады: Югославиядағы соғыстар, 2008–2009 жылдардағы қаржылық дағдарыс, пандемия және «Ресеймен қарым-қатынастың күткендей қалыптаспауы».

Leave A Reply

Your email address will not be published.