Анна Данилина WTA рейтингінде 8-орынға көтерілді — бұл оның мансабындағы ең жоғары нәтиже
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сындағы жаңартылған рейтингін жария етті. Қазақстандық теннисшілердің нәтижесі бірқатар оң өзгерістермен ерекшеленді.
Анна Данилина жұптық сында 8-орынға көтерілді. Бұл — оның спорттық мансабындағы ең үздік көрсеткіш. Ол өткен аптада өткен Истбурн WTA 250 турнирінде жұптық сында жеңіске жеткен болатын.
Жекелей сында Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина 11-орынды сақтап қалды. Ал Юлия Путинцева бір сатыға көтеріліп, 33-орынға жайғасты.
Тағы бір отандасымыз Зарина Дияс рейтингте 274-тен бірден 246-орынға көтерілді. Ал Жібек Құламбаева 306-орында қалды.
Жалпы рейтингтің көшін Арина Соболенко (Беларусь) бастап тұр. Одан кейінгі орындарда америкалықтар — Кори Гауфф пен Джессика Пегула орналасқан.