АҚШ кітапханасына 99 жыл бұрын алынған кітап қайтарылды
Нью-Джерсиде (АҚШ) тұратын 81 жастағы Мэри Купер күтпеген жерден өз атасының 1926 жылы кітапханадан алған кітабын тауып алды, деп хабарлайды CNN. Ол бұл сирек басылымды арада 99 жыл өткен соң, кітапханаға қайтаруға шешім қабылдады.
1911 жылы жарық көрген бұл кітап балаларға ағаш, темір және басқа да материалдардан ойыншық жасауды үйретуге арналған. Купердің атасы оны қайтыс боларынан бір жыл бұрын кітапханадан алған екен. Әйелдің пайымдауынша, ол бұл кітапты болашақ ұрпағы үшін пайдаланбақ болған.
Мэри Купер кітапты кітапханаға тапсырмас бұрын біраз алаңдады. Ол қызметкерлердің кітапты қабылдауына күмәнданып, бір ғасырға жуық уақыттың ішінде 18 мың долларға дейін жетуі мүмкін кешіктірілген айыппұл туралы да ойланыпты.
Алайда, кітапханашылар бұл ерекше олжаны үлкен қуанышпен қарсы алды. Оннан астам қызметкер сирек кездесетін басылымды көруге жиналып, оны Томс-Ривердің естелік көрмесіне қоюды ұйғарды. Қазір бұл тарихи кітап барлық оқырмандарға қолжетімді.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың әскери ғарыш ұшағы 14 айдан кейін Жерге оралғаны туралы хабарланған болатын.