Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің құқығын қорғауға бағытталған жаңа нормалар дайындалып жатқанын мәлімдеді
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің мәртебесін арттырып, олардың құқықтарын қорғау мақсатында заңнамалық жаңа нормалар әзірленіп жатқанын хабарлады. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Аймағамбетовтың айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғанымен, оның тиімді орындалуы – күнделікті мониторинг пен табандылықты талап ететін процесс.
— Заң қабылдаудың өзі бір нәрсе, ал оны іске асыру — мүлдем басқа деңгей. Кезінде заң бұзғаны үшін жүздеген мектеп директоры, білім бөлімінің қызметкерлері, тіпті әкімдік өкілдері жауапқа тартылды. Бір облыс әкімінің орынбасары да әкімшілік жауапкершілікке тартылған жағдай болды, — деді депутат.
Ол мұғалімдерді бөгде жұмыстардан — сенбілік, үй аралау, еріксіз жазылу, салтанатты шараларға тарту сияқты тапсырмалардан босатқан нормалар енгізілгенін еске салды.
— Мұғалімнің міндеті – білім беру. Ол жағажайда кезекшілік атқаратын, гирлянда ілетін немесе шырша орнататын адам емес, — деді ол.
Айтуынша, қазіргі таңда мұғалімдердің құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтетін арнайы заңнамалық нормалар әзірленіп, қоғам талқысына ұсынылып жатыр.
Аймағамбетов сондай-ақ уәкілетті органдар мен кәсіподақтардың белсенді рөліне тоқталып, мұғалімдердің өз құқықтарын білуі мен қорғауы маңызды екенін атап өтті.