Ауғанстанда 500-ден астам музыкалық аспап көпшілік алдында өртелді

0 5

Ауғанстанның Парван провинциясында тұрғындардан тәркіленген 500-ден астам музыкалық аспап жойылды. Бұл туралы Pajhwok Afghan News агенттігі хабарлады.

Аспаптарды Ізгілікті насихаттау және жамандықтан тыю министрлігі қызметкерлері бір жыл бойы түрлі іс-шаралар барысында тәркілеген. Кейін олар жергілікті билік өкілдері мен қауіпсіздік құрылымдарының қатысуымен көпшілік алдында өртелген.

Провинциялық департамент басшысы Мақбұл Ахмад Вакас тәркіленген заттар салтанатты жиындар мен рәсімдерде қолданылғанын мәлімдеп, билік оларды шариғат талаптарына қайшы деп санайтынын айтты.

Оның сөзінше, музыкалық аспаптарды жою – «жамандықтан тыю» науқанының бір бөлігі. Сондай-ақ тұрғындар мұндай заттарды пайдаланудан бас тартуға шақырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Талибан қозғалысы елде жаңа Қылмыстық кодексті ресми түрде қабылдағаны хабарланған еді. Бұл шешім халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен бірқатар мемлекет тарапынан сынға ұшыраған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.