Ел боламын десең, есіңді жи, қазақ.

0 216

Күлтөбенің басында күнде жиын болғаннан не өзгеріп жатыр осы? Мақсатым сынау емес, тізе қосып іс қылу еді. Турасын айтып туғаныңа жақпаған заман ай. Бірін бірі өтірік мақтау мен күн көріп, өтіп жатқан бірсыдырғы дүние. Сарай ақындары секілді бұлбұлша сайрағаннан не пайда, мектепте балаң, әскерде ұланың өліп жатса? Ал, жабылыңдар бәрің.
Бүгінде тұралаған идеологияның еңсесін қалай көтермек керек?
Қоғамның рухани тұтастығы мен саяси тұрақтылығы – идеологияның қуатымен өлшенеді. Ал егер сол идеология қоғаммен үндеспей, заман талабынан қалып қойса, оның тұралауы заңды құбылыс. Бірақ кез келген тұралаудан кейін жаңару кезеңі басталады. Басталуы керек.
Идеологияның әлсіреуінің басты себебі – халықтың өмірінен, шынайы мәселелерінен алшақтап кетуінде. Сондықтан алдымен қоғам неге сенімін жоғалтты деген сауалға ашық жауап беру қажет!
Бүгінгі ұлтқа жай ғана ұран емес, жүрекке жететін ортақ ұлттық идея керек. Ол нақты өмірлік құндылықтармен ұштасуы тиіс. Мұндай идея халықтың күнделікті өмірінде сезіліп, нақты іспен дәлелденуі қажет.
Халық идеологияны сөзден емес, іс пен тұлғадан көреді. Қоғамға үлгі болар адал басшы, мықты әкім, еңбекқор ұстаз, мейірімді дәрігер, ізгілікті ерікті — бұлар жаңа дәуірдің идеалдары. Осындай тұлғаларды дәріптеу идеологияны жаңартудың тиімді жол деп есептеймін.
Идеология жоғарыдан ғана емес, төменнен басталуы тиіс. Әр азамат өзін ел тағдырына ықпал ете алатын тұлға ретінде сезінгенде, қоғамның рухани иммунитеті күшейеді. Азаматтық бастамалар, еріктілік қозғалыстар, жергілікті жобалар – идеологияның тірі формасы.
Білім мен мәдениет саласы да бұл бағытта шешуші рөл атқарады. Тарих пен әдебиет арқылы – тамырды тану, тіл арқылы – болмысты сақтау, өнер арқылы – рухты ояту жүзеге асады.
Ұзын сөздің қысқасы, тұралаған идеологияны еңселендіру – жаңа ұран іздеу емес, елге сенім мен жауапкершілікті қайтару. Әр азаматтың бойында елдік сана мен рухани серпін оянғанда ғана ұлттық идеологияның еңсесі қайта көтеріледі.

Әсел Жапарова, Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «Қазақстан Халық партиясы» мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.