Францияның «Ellipse Group» компаниясы Қазақстандағы медициналық инфрақұрылымды дамытуға қызығушылық танытты
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Ellipse Group» компаниясы елімізде медициналық инфрақұрылымды дамытуға мүдделілік танытты.
Осы мақсатта ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Францияның «Ellipse Group» компаниясының халықаралық даму жөніндегі директоры Анастасия Колосимомен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын, соның ішінде заманауи перинаталдық орталықтарды салу және жабдықтау, сондай-ақ жеке медициналық мекемелерді дамыту мәселелерін талқылады.
Ә. Қуантыров өз сөзінде Қазақстанның заманауи медициналық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беретінін және ірі жобаларды іске асыруда тәжірибелі халықаралық компаниялармен серіктестікке ашық екенін атап өтті.
Өз кезегінде, бұған дейін Франция Президенті Эммануэль Макронның халықаралық стратегия және коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі болған А. Колосимо, «Ellipse Group» Қазақстандағы қатысу аясын кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеді. Ол Қазақстанды тұрақты экономикалық өсімі мен қолайлы инвестициялық ахуалы бар сенімді серіктес ретінде бағалайтынын айтты.
Айта кетейік, «Ellipse Group» энергетика, денсаулық сақтау, цифрлық технологиялар және азаматтық құрылыс салаларында стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру және «кілтпен тапсыру» қағидаты бойынша салуға маманданған. Компания Еуропа, Азия және Африка елдерінде табысты жобалар іске асырып, ЕО-ның жетекші экспорттық-кредиттік агенттіктерімен және банктерімен ынтымақтасады.