Оқу-ағарту министрлігі: 2019 жылдан бері 1200 мектеп салынды, үш ауысым мәселесі бәсеңдеді

0 21

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары балалардың білім алуына заманауи жағдай жасау бағытында айтарлықтай ілгерілеу бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бері 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп салынды. Тек 2023–2024 жылдары 510 мың орынға шақталған 422 жаңа мектеп пайдалануға берілді

Осы кешенді шаралардың нәтижесінде еліміздегі үш ауысымды мектептердің саны төрт есе, апатты мектептердің саны екі есе қысқарды. Сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығы да төрт есе азайды. Мемлекет заманауи және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру жұмысын жүйелі түрде жалғастырып келеді.

Жаңа оқу жылының қарсаңында өңірлерде 115 мың оқушыға арналған тағы 83 мектеп ашылды. Оның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Жаңа білім нысандарының іске қосылуы Шымкент пен Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды және Қызылорда облыстарында үш ауысымды оқыту проблемасын толық шешуге мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта ел бойынша 3000 мектеп бір ауысымда, 5000-нан астам мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Жыл соңына дейін 140 мың орынға арналған тағы 111 мектептің құрылысы аяқталады. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы көптеген өңірлерде үшінші ауысымды толық жоюға жақындатады және қосымша 150 мың орын тапшылығын қысқартуға жол ашады.

2025–2026 оқу жылында жалпы сыйымдылығы 267 мың оқушыға арналған 232 жаңа мектеп салу жоспарланған. Сонымен қатар 245 мектеп жаңғыртудан өтеді, тағы 1000 ауыл мектебі модернизацияланады. 680 мектепке 1100 заманауи пәндік кабинет орнатылады.

Республикалық деңгейдегі білім беру ұйымдарының инфрақұрылымы да жаңартылып жатыр: Түркістандағы «Білім-инновация» лицейінде және Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Алматы қаласында «Абай Ұлттық мектебі» үшін жаңа ғимараттың құрылысы да аяқталуға жақын.

Жалпы алғанда, мектеп желісін кеңейту мен инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жүйелі жұмыс білім сапасын арттырып, оқушыларды ыңғайлы әрі қауіпсіз ортада оқытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.