Отардағы әскери бөлімде сарбаз жарақат алды: қылмыстық іс қозғалды

0 3

Жамбыл облысындағы Отар елді мекенінде орналасқан әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметші ауыр жарақат алды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

2026 жылғы 16 ақпанда әлеуметтік желілерде сарбаздың жақ сүйегі мен мұрны сынғаны туралы ақпарат тарады. Жарияланған видеода жас жігіттің ауыз қуысына металл құрылғылар орнатылғаны байқалады.

Видео авторлары операциядан кейін толыққанды медициналық бақылау болмағанын алға тартқан. Сондай-ақ туыстары оның біраз уақыт пәтерде ұсталғанын мәлімдеген. Қазіргі уақытта сарбаз Алматы қаласындағы әскери-клиникалық госпитальде ем қабылдап жатыр.

Оқиғаға қатысты Гвардейск гарнизонының Әскери полициясы түсініктеме берді. Ресми ақпаратқа сәйкес, әскери бөлімдердің бірінде әскери қызметшіге қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Материалдар Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген.

Зардап шеккен сарбаз Алматы қаласындағы Әскери-клиникалық госпитальге жатқызылып, қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Денсаулық жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар тұлғалардың, сондай-ақ жарғыға қайшы әрекеттер туралы дер кезінде хабарламаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшілік жіберген лауазымды адамдардың іс-әрекетіне құқықтық баға берілмек. Қызметтік тексеру кезеңінде әскери бөлімнің бірқатар жауапты қызметкерлері уақытша шеттетілді.

Іс Қарулы Күштер басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылғы қаңтар айында әскери бөлімдерде сарбаздардың қаза табуына қатысты бірнеше дерек тіркелген болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.