Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.
Президент өз құттықтауында Рамазанның бүкіл мұсылман қауымы үшін рухани тазару мен ізгілікке үндейтін ерекше кезең екенін атап өтті.
«Бұл – дүние жүзіндегі миллиардтаған жанды рухани тазаруға, жақынына жанашыр әрі қамқор болуға үндейтін мезгіл. Ораза азаматтарды шыдамдылық пен төзімділікке шақырып, халқымыздың бойына қарапайымдылық, жауапкершілік және адалдық сынды асыл қасиеттерді сіңіреді», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент қазіргі күрделі жаһандық ахуал жағдайында Рамазан айының рухани мәнін терең түсінудің маңыздылығына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз ауқымды өзгерістер кезеңіне қадам басқанын айтып, республикалық референдумға шығарылған жаңа Конституция жобасы мемлекет дамуының жаңа бағытын айқындайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл құжат мемлекеттілікті нығайтып, саяси және азаматтық институттарды жетілдіруге, адам құқықтарын қорғау жүйесін күшейтуге жол ашады.
Президент сондай-ақ құқық пен заң үстемдігі, тәртіп пен тазалық, әділдік пен отаншылдық қағидаттары қасиетті Рамазан айының ұлағатымен үндес екенін атап өтті.
«Қасиетті Рамазан құтты болсын, мұсылман жамағаты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.