Президент Тоқаев: «Қазақстан реформалар жолынан қайтпайды»

0 10

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының өзекті мәселелеріне арналған ауқымды сұхбатын Turkistan газетіне берді. Мемлекет басшысы дәстүрлі түрде жыл қорытындысын жасап, алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтарды айқындады.

Баспасөздің рөлі және қоғамдық сана

Президент мерзімді баспасөздің қоғамдағы орнына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілер ойлау мәдениетіне кері әсер етіп жатқан кезеңде сапалы аналитика мен терең сараптама ұсынатын газеттер мен журналдардың маңызы арта түсуде. Мемлекет басшысы кәсіби журналистика ағартушылық миссиясын сақтап қалғанын атап өтті.

Экономика және реформалар

2025 жылдың басты нәтижесі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың 6 пайыздан астам өсуін, ІЖӨ-нің 300 млрд долларға жетуін атады. Алайда инфляцияның жоғары деңгейі азаматтардың әл-ауқатына кері әсер етіп отырғанын жасырмады. Президент Үкіметке бағаны тұрақтандыру, бюджеттік тәртіпті күшейту және реформаларды жеделдету жөнінде нақты міндеттер жүктелгенін айтты.

Салық саясаты

Жаңа Салық кодексі қоғамда қызу пікірталас тудырғанын еске салған Мемлекет басшысы бұл өзгерістер фискалдық науқан емес, экономиканы тұрақты дамытуға бағытталған жүйелі реформа екенін атап өтті. Салық төлеу мәдениетін қалыптастыру отаншылдықтың бір көрінісі болуы тиіс деген ұстаным білдірілді.

Инфрақұрылым, тарифтер және энергетика

Президент энергетикалық және коммуналдық сектордағы реформалар тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды өзгерістердің бірі екенін айтты. Төмен тарифтердің жасырын түрде бай топтарға субсидия болғанын ашық жеткізіп, «кім қанша тұтынса, сонша төлейді» қағидатының әділетті екенін баса айтты. Әлеуметтік әлсіз топтарға атаулы көмек көрсетіледі.

Көлік-логистика және транзит

Қазақстанды Еуразиядағы ірі көлік хабына айналдыру – стратегиялық мақсат. Президент жаңа теміржол жобалары мен халықаралық дәліздердің маңызын атап өтіп, 2030 жылға дейін мыңдаған шақырым жол салу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Ауыл шаруашылығы

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына бөлінген қомақты қаржының тиімділігіне сын көзбен қарау қажеттігін айтты. Алдағы кезеңде мал шаруашылығын дамыту, кооперацияны күшейту және шағын шаруаларды қолдауға басымдық берілмек.

Туризм

Қазақстанның туристік әлеуеті жоғары болғанымен, инфрақұрылым мен сервис сапасы әлі де жеткіліксіз. Президент жауапсыздық пен немқұрайлылыққа жол берілмейтінін айтып, Алматы тау кластерін және экотуризмді дамыту қажеттігін атап өтті.

Цифрландыру және жасанды интеллект

2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Мемлекет басшысы Қазақстанды цифрлық державаға айналдыруды стратегиялық міндет деп атап, Astana Hub, суперкомпьютерлер, AI-заңнама және кадр даярлау бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Әлеуметтік әділдік және бизнес

Президент ірі бизнес өкілдерін әлеуметтік жауапкершілікке шақырып, қайырымдылық пен отаншылдық нақты іспен көрінуі тиіс екенін айтты. Осы мақсатта «Мейірім» ордені енгізілетіні хабарланды.

Қаңтар оқиғасы және заң үстемдігі

Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу барысы ашық жүргізілгенін, заңсыз активтерді қайтару жұмысы жалғасып жатқанын атап өтті. Бұл саясат – уақытша науқан емес, мемлекеттің түбегейлі ұстанымы екені айтылды.

Сыртқы саясат

Президент Қазақстанның халықаралық беделі артқанын, елдің бейтарап әрі прагматикалық сыртқы саясат ұстанатынын жеткізді. Ара ағайындық миссияға ұмтылмайтынын, бірақ жаһандық мәселелер бойынша пікір алмасуға дайын екенін айтты.

Қорытынды

Сұхбат соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 35 жылдығы ел үшін тарихи межe екенін атап өтіп, реформалар жалғасатынын, «Таза Қазақстан» бастамасы ұлттық идеологияның өзегіне айналуы тиіс екенін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.