Қазақстан EPS бағдарламасы арқылы Кореяға жұмыс күші жіберуге дайындалуда

0 7

Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеу мүмкіндігі кеңейіп келеді. Алматы облысында Корея Республикасы өкілдерімен өткен кездесуде тараптар еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Басқосуда корей тарапы Employment Permit System (EPS) бағдарламасының жұмыс тәртібін таныстырды. Бұл жүйе Кореяда жұмыс күші тапшы салаларға шетелдік азаматтарды заңды түрде тартуға бағытталған. Кездесу барысында Қазақстанның аталған бағдарламаға қосылу мүмкіндігі кеңінен қаралды.

Қазақстан тарапынан атқарылып жатқан дайындық жұмыстары жөнінде Алматы облысының мобильді еңбек орталығының директоры Абылай Зуайда мәлімдеді. Оның айтуынша, келіссөздердің екінші кезеңі жүріп жатыр.

«Бірінші кезеңде тараптар президенттер деңгейінде меморандумға қол қойды. Қазіргі кезеңде Қазақстанның жұмыс күшін Кореяға жіберуге қаншалықты дайын екені бағалануда. Осы мақсатта корей делегациясы арнайы колледждер мен оқу орталықтарын аралап, мамандарды даярлау деңгейімен танысып жатыр. Егер барлық талаптар оң бағаланса, толыққанды меморандумға қол қою жоспарланып отыр», – деді ол.

Мамандардың айтуынша, бағдарлама іске қосылған жағдайда өңірде арнайы оқу орталықтарын ашу көзделуде. Қазір инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді бағалау және тиісті нысандармен танысу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматы облысының әкімі бұл бастама тұрғындарды заңды жұмыспен қамтуға және халықаралық еңбек тәжірибесін игеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Корей тарапы түпкілікті шешім барлық дайындық кезеңдері аяқталғаннан кейін Корея Республикасының ведомствоаралық комиссиясында қабылданатынын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.