Қазақстан колледждерінде халықаралық сертификаттау жүйесі іске қосылды

0 44

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еліміздің колледждерінде студенттердің кәсіби дағдыларын халықаралық деңгейде танудың жаңа кезеңі басталды.

Certiport халықаралық платформасына негізделген жаңа сертификаттау жүйесі пилоттық режимде Қазақстанның бес колледжінде іске қосылды. Алғашқы ресми тестілеу орталығы (CATC) «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының базасында ашылды.

Certiport — Ұлыбританиялық Pearson компаниясының құрамына кіретін, цифрлық технологиялар мен кеңсе бағдарламалары саласындағы кәсіби сертификаттауға арналған жаһандық платформа. Бұл сертификаттар әлемнің 152 елінде, соның ішінде АҚШ, Канада, Еуропа, Азия, Австралия және Таяу Шығыс елдерінде мойындалған.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл бастама колледж студенттеріне өз дағдыларын халықаралық стандарттар негізінде дәлелдеп, шетелдік жұмыс берушілердің сеніміне ие болуға, тағылымдамадан өтуге және жаһандық еңбек нарығына шығуға үлкен мүмкіндік береді.

— Қазіргі таңда колледж түлектеріне тек диплом ғана емес, нақты дағдыларын растауы да маңызды. Халықаралық сертификаттар Қазақстанда және шетелде жаңа мансаптық мүмкіндіктерге жол ашады, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.

Алғашқы емтихан ASTANA POLYTECHNIC жоғары колледжі базасында өтті. Нәтижесінде төрт студент халықаралық сертификат иегері атанды. Олар — киберқауіпсіздік саласының IT-мамандары Дмитрий Карпюк, Арсений Цыплаков, Рашид Хисматуллин және JavaScript бойынша маман Әдемі Қабдолла.

Leave A Reply

Your email address will not be published.