Қазақстан мен Словения: ғылымдағы серіктестік жаңа деңгейге шықты
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Қазақстанның Словениядағы Елшісі Данияр Сарекенов Марибор университетінің ректоры Здравко Качич және «Alma Mater Europaea» университетінің ректоры Людвик Топлакпен кездесіп, жоғары білім мен ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады.
Кездесулер барысында Елші «Study in Kazakhstan» бағдарламасын таныстырып, Қазақстанды халықаралық академиялық хабқа айналдыруға бағытталған стратегиялық бастамаларды ұсынды. Оның айтуынша, өзара тиімді серіктестікті жүзеге асыруға білім беру жобалары мен ғылыми зерттеулер аясында айтарлықтай әлеует бар.
Тараптар оқу бағдарламаларын бірлесіп іске асыру, академиялық алмасу, біріккен зертханалар мен салалараралық зерттеулерді дамыту мүмкіндіктерін қарастырды. Әсіресе Қазақстан үшін басым бағыттар ретінде ауыл шаруашылығы, ядролық энергетика, химиялық өнеркәсіп, машина жасау, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект салаларында мамандар даярлау және бірлескен жобаларды жүргізу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Марибор университетінің ректоры Здравко Качич жоғары оқу орны жанындағы Инновациялар орталығы сияқты ғылым мен индустрияны ұштастыратын жобаларды таныстырып, тәжірибе алмасу мен халықаралық әріптестікті кеңейтуге дайын екенін білдірді. «Alma Mater Europaea» университетінің ректоры Людвик Топлак та қазақстандық ЖОО-лармен серіктестікті дамытуға мүдделілік танытты.
Кездесу қорытындысында қазақстандық тарап Словения университеттері делегациясының Қазақстанға сапарын ұйымдастыруды ұсынды. Бұл қадам екі елдің академиялық қауымдастықтары арасында тікелей диалог орнатып, бірлескен оқу бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын нақтылауға мүмкіндік береді.