Қазақстан төлқұжат қуаты бойынша көршілерінен озып, 61-орынға көтерілді
Қазақстан әлемдегі беделді Henley Passport Index рейтингінде 61-орынға жайғасты. Бұл көрсеткіш – Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары нәтиже. Енді қазақстандықтар 79 мемлекетке визасыз немесе жеңілдетілген тәртіппен бара алады.
Әлемдік тізімнің көш басында Сингапур тұр – оның азаматтары 193 елге кедергісіз саяхаттайды. Одан кейін Жапония мен Оңтүстік Корея орналасқан, әрқайсысы 190 мемлекетке еркін кіру құқығына ие.
Индекс Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) деректеріне негізделіп жасалады және жыл сайын жаңартылып отырады.
Қазақстан көршілес елдерден алда келеді: Қырғызстан – 71-орын, Өзбекстан – 72-орын, Тәжікстан – 78-орын, Түрікменстан – 84-орын. Бұдан бөлек, еліміз Әзербайжанды (66), Арменияны (69) және Моңғолияны (70) да артта қалдырды.
Ал тізімнің соңында Ауғанстан, Ирак және Сирия мемлекеттері тұр.