Қазақстанда SIM-карталарды рәсімдеудің жаңа тәртібі енгізіледі

0 8

Қазақстанда SIM-карталарды рәсімдеу тәртібі өзгермек. Енді абоненттік нөмірді алу міндетті биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана мүмкін болады. Бұл шара мобильді және интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейту мақсатында қолға алынып отыр.

Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігінің мәліметінше, жаңа талап жеке тұлғаларға ғана емес, бизнес пен ұйымдарға да қатысты. Қызметтік мақсатта SIM-карта берілетін қызметкерлер де биометриялық сәйкестендіруден өтуге міндетті.

Министрліктің хабарлауынша, биометрияны енгізу абоненттік нөмірлерді аноним пайдалануға тосқауыл қойып, олардың қолданылуына қатысты жауапкершілікті арттырады. Сондай-ақ бұл дилерлер мен делдалдар арқылы SIM-карталарды заңсыз сату мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

«Нөмір қай жерде сатып алынғанына қарамастан, байланыс қызметтері абоненттің жеке басы расталғаннан кейін ғана көрсетіледі», – деп атап өтті ведомство.

Сонымен қатар министрлік бір адамға тіркелетін SIM-карталар санына қатысты қолданыстағы тәртіпті еске салды.
Жеке және отбасылық пайдалануға 10 абоненттік нөмірге дейін рәсімдеуге рұқсат етіледі. Ал одан көп SIM-карта тіркеу тек негізделген қажеттілік болған жағдайда, сондай-ақ олар қолданылатын құрылғылар көрсетілгенде ғана мүмкін болады.

Ведомствоның айтуынша, мұндай тәсіл алаяқтық схемаларда жиі қолданылатын нөмірлерді жаппай тіркеу қаупін азайтады.

Анықтама

Биометрия – адамның бірегей биологиялық немесе мінез-құлықтық ерекшеліктері (саусақ ізі, көздің нұрлы қабығы, бет пішіні, алақан геометриясы және өзге де белгілер) арқылы сәйкестендіру технологиясы. Ол аутентификацияның ең сенімді әдістерінің бірі саналады, себебі мұндай деректерді қолдан жасау немесе ұрлау қиын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.